Астана тағы да Сирия бойынша кезекті кездесу алаңына айналды. Елордада халықаралық келіссөздердің 22-ші раунды өтті. Еліміздің сыртқы істер министрінің орынбасары Астана процесі аясындағы келіссөз нәтижелі аяқталғанын жеткізді. Әлібек Бақаевтың айтуынша, келіссөздердің бастапқы мақсаттары толығымен орындалды. Бұл ең алдымен деэскалация аймақтарын құруға, жанжалдасушы тараптар арасындағы шиеленісті тоқтатуға қатысты. Бұның бәрі сириялықтардың қалыпты тұрмыс-тіршілігін қалпына келтіруге зор мүмкіндіктер ашады.
Еске сала кетейік, Сирия дағдарысын реттеуге бағытталған жиынға 11 делегация қатысты. Бұл қатарда Сирия Үкіметі мен оппозициясы, кепілгер-елдер: Ресей, Түркия, Иран өкілдері және халықаралық бақылаушылар бар. Кездесудің қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды. Онда кепілгер елдер Сирия мәселесін тұрақты реттеуде Астана процесінің жетекші рөлін атап өтті.
Сондай-ақ мәлімдемеде Таяу Шығыстағы қақтығыстардың өршуі Араб Республикасындағы ахуалға теріс әсер ететіні айтылды. Жалпы тараптар Сирияның егемендігін, тәуелсіздігін, бірлігін және аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын білдірді. Осылайша, 2025 жылдың бірінші жартысында елордада халықаралық келіссөздердің кезекті 23-ші раундын өткізуге уағдаласты.
Жеңіс Ермұқанов.