Шанхай ынтымақтастық ұйымын жаңғырту және елдердің экономикалық саладағы ықпалдастығын барынша қамтамасыз ету қажеттігі Бейжіңдегі кездесуде талқыланды. Алқалы жиын ұйым хартиясына қол қойылғанына 20 жыл және «Ұзақ мерзімді тату көршілік пен достық туралы шарттың» 15 жылдығына арналды. Бірлестік хатшылығында ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында мүше елдердің сарапшылары мен дипломатиялық өкілдіктерінің басшылары ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын атады. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігі, эпидемиялармен күрес, ауылдық жерлерді дамыту және жаңа технологияларды ендіру.
Дэн Хао, Қытай ШЫҰ зерттеу орталығының Бас хатшысы, Қытай халықаралық мәселелер академиясының зерттеу қызметкері:
– Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында көптеген құжаттарға қол қойылды. Оның ең маңыздысы – Хартия мен келісім. Ұйымның инновациялық идеялары мен тұжырымдамасы бар, былайша айтқанда, ортақ Шанхай рухы бар. Жаңа тұжырымдама ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз.
Ван Сяньцзюй, ҚХР Халық университетінің және Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің Ресей зерттеу жөніндегі бірыңғай орталық директорының орынбасары және ғылыми қызметкері:
– Біріншіден, Ұйымдағы ішкі бірлікті одан әрі нығайту керек. Екіншіден, ұйым мен басқа елдер мен халықаралық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажет. Мысалы, АСЕАН-мен ынтымақтастықты жеделдету керек деп есептеймін, біз бірнеше жылдан бері серіктестікті дамытып келеміз, бірақ нақты қадамдар жетпейді.