Астана саммитінде бекітілген ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамыту стратегиясы мұнай және газ, электр энергетикасы және жаңартылатын қуат көздері салаларындағы өзара іс-қимылға қосымша серпін береді. Қазақстан мен Иранды байланыстыратын басты бағыт осы. Бұл туралы Ислам елінің Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы біздің телеарнаға берген эксклюзивті сұхбатында айтты.
Әли Багери, Иран Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы:
– Біз ШЫҰ мұнай және газ мәселелері бойынша қабылдайтын шешімдердің, сондай-ақ бұл бағытта халықаралық аренада көзқарастың маңызы зор деп есептейміз. Ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары алдағы ынтымақтастық үшін жол картасын айқындайтын стратегияға қатысты өте маңызды және шешуші құжатқа қол қойды. Қазақстан мен Иран да түрлі салада тиімді екіжақты қарым-қатынастарды дамытатын бірқатар жаңа келісімге тұрды. Энергетика – елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың аса маңызды салаларының бірі. Әсіресе пайдалы қазбалар мен жаңартылатын қуат көздері бойынша әріптестік әлеуеті кең.
Қазақстанмен энергетикалық байланыстарды Үндістан да нығайтуға ниетті. Еліміздің жер қойнауының қоры көмірсутектерге бай. Сондықтан Қазақстан осы мемлекет үшін мұнай, газ және басқа да энергетикалық кендерді жеткізуді қамтамасыз ете алатын сенімді серіктес.
Субраманьям Джайшанкар, Үндістанның Сыртқы істер министрі:
– Қазақстан мен Үндістан байланысын одан әрі күшейткіміз келеді. Сіздің ел энергия мен табиғи ресурстарға бай. Мәселен, АЭС салу туралы бастаманың өзі Қазақстанның әлеуеті зор екенін білдіреді. Сондай-ақ, осы елде білім алып жатқан жастарымыз көп. Екі ел арасында туристер саны да жыл сайын артуда. Мен Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасына тамсанамын.