ШЫҰ энергетика саласында жаңа стратегиялық жоспар қабылдады

Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдер энергетикалық ынтымақтастықты дамытуға арналған 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспар қабылдады. Астанада ұйымға мүше елдердің энергетика министрлерінің 4-кеңесі өтті. Жиынға төрағалық еткен еліміздің Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған бұл стратегиялық құжат барлық мүше мемлекеттердің энергетикалық тәуелсіздігі мен мүддесіне қайшы келмейтініне тоқталды. Бастысы, бұл жасыл, яғни, қауіпсіз қуат көзіне ауысуда жасалған маңызды қадам.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі: 

– ШЫҰ мүше елдердің барлығының энергетика секторын дамытудағы маңызды бағыт – сатылы энергетикалық ауысым мен көмірқышқыл бейтараптығына жету. Біз бұл бағытты дамытуға мүдделіміз. Себебі, жаһандық климаттық өзгеру барлығымызды мазалайды. Дегенмен, әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және энергетикалық қауіпсіздігі басты назарға алынады. Бірінші кезекте ең озық және төмен эмиссиялы технологияларды дамыту, жасыл энергетика саласына қаржы тарту қарқынын ілгерілетуді арттыру және адамдардың әл-ауқатын арттыру мен тұрақты дамуға қол жеткізу үшін кадрлық әлеуетті пайдаланып, дамыту өте маңызды.

Қазақстанның қос бауырлас мемлекет – Қырғызстан және Өзбекстанмен энергетика саласындағы байланысы берік. Тараптар үшжақты ауқымды жобаларды да жүзеге асырып жатыр. Ондағы мақсат – ішкі қажеттіліктерді толықтай өтеумен қатар, экспортқа шығып, пайда табу, – дейді Қырғызстан Энергетика министрі. 

Таалайбек Ибраев, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі:

– Орта Азияның барлық мемлекеттері Кеңес Одағы кезеңінен бері энергетикалық тығыз байланыс тәртібімен жұмыс істеп келеді. Бұл жұмыс одан ары да сол тәртіппен жалғаса бермек. Өздеріңіз де хабардарсыздар, менің ойымша Орта Азияның түпкі ортақ мүддесі алпауыт елдер: Қытай, Үндістан және Пәкістан мен өзге елдердің нарығына шығу.