Шығыс Қазақстан тұрғындары көптен күткен Наурыз мерекесін кеңінен атап өтті. Ковидтік шектеулерге байланысты жаппай мерекелер екі жыл бойы өтпеді, сондықтан бүгін шығысқазақстандықтар көктемнің басты мерекесін ерекше қуанышпен қарсы алды.
Шығыс Қазақстанның қалалары мен аудандарында 330-дан астам іс-шара ұйымдастырылды. Облыс орталығында мереке кеңінен атап өтілді. Мереке қарсаңында Өскеменде түрлі челлендждер, спорттық жарыстар өтті. Жиналған жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылып, ең дәмді наурыз көжені дайындау сайысы да өткізілді. Ал кинотеатрларда отандық фильмдер тегін көрсетілді. Қала жұртшылығы мен жастары мерекеге орай «Эко Наурыз» акциясын өткізіп, Шешек асуы маңындағы бұлақты қоқыстан тазартты.
Мереке күні бас алаңда киіз үй қалашығы, балалар ойын алаңдары мен аттракциондар, халық шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнер көрмесі орын тепті. Ал жәрмеңкеде Өскемен тұрғындары әртүрлі дәмді тағамдардан дәм татып, сауда көркін қыздырды. «Baursak party» байқауына қатысушылардың қолынан қала тұрғындары ыстық бауырсақтан дәм татты. Мереке үлкен концерттік бағдарламамен жалғасты, оған қаланың этномәдени және шығармашылық ұжымдары қатысты. Аталған мәдени шарадан өскемендіктер ерекше әсер алды. Спорт әуесқойлары асық ату, гір спорты, қазақша күрес, сондай-ақ басқа да ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізілді.
ШҚО әкімі Даниал Ахметов облыс орталығының тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл күн жаңа жылдың символы ғана емес, молшылық мерекесі екенін атап өтті. Өңір басшысы қала тұрғындарына бақыт, амандық, бірлік пен бақ-береке тіледі.
Мерекелік серуен облыстық Достық үйінің алдындағы алаңда да өтті. Онда киіз үй қалашығы, жергілікті өндірушілердің өнімдері, халықтық-қолданбалы өнер бұйымдары сатылды. Этномәдени бірлестіктер қала тұрғындарын әндермен және билермен жақсы көңіл-күй сыйлады. Қыран құс, бүркітпен суретке түсуге мүмкіндік алды.
Сондай-ақ Семей шаһарының орталық алаңында халық көп жиналды. Қала тұрғындары үшін мерекелік концерт пен театрландырылған қойылым өтті. Семей халқын мерекемен өңір басшысы да құттықтады. Ол республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша Семей өңірі аумағында Абай облысы құрылатынын, бұл Қазақстанның рухани орталығына экономика саласында ғана емес, басқа да көптеген салада дамудың жаңа белесіне жол ашылатынын атап өтті. Бұл күні Даниал Ахметов семейліктер мен жақын маңдағы аудандардың тұрғындарына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Наурыз мейрамы кешке дейін жалғасады. Семейде мереке отшашумен аяқталады, ал Өскеменде қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтпек.