Конституцияға түзетулерді қабылдау – бұл бастамасы ғана. Одан маңыздысы – өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асыру. Көптеген сарапшының пікірі осыған кеп саяды. Айта кетерлігі, еліміздегі ұлттық референдум жексенбі күні аяқталса да, көптеген шетелдік БАҚ осы тақырыпқа шолулар мен мақалаларды әлі де жариялап жатыр. Атап айтқанда, америкалық Forbes өз парақшасында Ариэль Коэннің мақаласын жариялады. Журналист Қазақстандағы саяси жаңарудың маңыздылығын атап өтті.
«Қазақстанда өткен референдум - республиканың Еуразия құрлығындағы энергетикалық және экономикалық негізге айналу жолындағы маңызды қадамы», - деді Ариэль Коэн.
Италиялық «Il Giornale» басылымы да Қазақстандағы тарихи оқиғаның маңыздылығын баса айтты. Журналист Федерико Джулиани елдегі саяси өзгерістерді ашық қолдайтынын жеткізді.
Конституциялық өзгерістер – ұлттық жаңару жолындағы алғашқы қадам. Ол парламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерін күшейтеді, Қазақстанның саяси құрылымындағы тежеу мен тепе-теңдік жүйесін қайта айқындап, адам құқықтарын қорғау тетіктерін қайта қарастырады. Бір сөзбен айтқанда, бұл - Қазақстан үшін тарихи сәт.
Сондай-ақ басылымда Қазақстан азаматтарының саналылығы мен жаңа реформалар мен өзгерістерге дайындығына үлкен мән берілген.
Референдум 2022 сәтті өтті. Сарапшылардың пікірінше, бірде-бір қателік тіркелмеген. Бұл – жоғары азаматтық борыштың дәлелі. Тұрғындар өз елін бағалап, болашақтың кепілі саналатын прогрессте өмір сүргісі келеді. Референдум нәтижесі бойынша, дауыс берушілердің 77,18%-і конституциялық өзгерістерді қолдайды. Елді қалпына келтіру және дамыту күні болып қазақ халқының тарихында қалатын күнмен құттықтаймыз.