Голливуд жұлдыздары, белгілі өнер коллекционерлері қазақстандық Анейля Ибраимованың туындыларын сатып алуда. Ол қол сандықтарына сурет салумен айналысады. Анейля өз туындыларында негізінен флора мен фауна элементтерін бейнелейді. Ол әр эскизді өз ойынан шығарады.
Анейля Ибраимова, суретші-дизайнер:
- Әр кезде әрқалай. Не қалайтынын біліп тұратын клиенттер бар, олар суреттерін көрсетеді, мысалы, үй жануарларының. Сондай-ақ суретшілерге толығымен сеніп келетіндер бар. Сондықтан біз өзіміз бір нәрсе жасап шығарамыз. Біз көптеген эскиз бен скетч жасаймыз, фотошоппен жұмыс істейміз. Біраз уақыттан кейін бірнеше нұсқасын ұсынамыз. Тұтынушы ұнатып, бәрі келісілгеннен кейін ғана сандықтарда жұмыс істеуді бастаймыз.
Дизайнердің айтуынша, қол сандықтарын салу өте қиын, өйткені бұл – көптеген ұсақ бөлшегі бар, зергерлік дәлдікті қажет ететін ауыр жұмыс. Сандықтардың беті тегіс болмағандықтан, дәл және әдемі сурет шығару үшін көп күш салу қажет. Анейля өз туындыларының бірінде ерекше есте қалған естелігімен бөлісті.
Анейля Ибраимова, суретші-дизайнер:
- Бұл менің сүйікті жобаларымның бірі болды. Мен бұл кішкентай эскизді тұмарда жасадым. Зергерлік бұйымдар мен патшайым Викторияның тәжі бар көрме болған кезде Виктория мен Альберт мұражайына бардым. Оның маған әсер қалдырғаны соншалық, дәл сондай тәжді біздің тұмарға салғым келді. Кейін оған британдық жалау қосылды.
Француз сән үйінде жұмыс істеуден басқа, Анейля жеке шығармашылығын да дамытып жүр. Портрет жанрында, оның ішінде фотореализм стилінде суреттер салады. Оның Лондонда бірнеше жеке көрмесі өткен. Ал болашақта өз көрмесін қазақстандық көрермен назарына да ұсынғысы келеді.