Астана әуежайы ірі мультимодальды хабқа айналады. Елорданың әуе айлағын дамытуды Біріккен Араб Әмірліктерінің компаниясымен бірлесе жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тиісті келісімге қол қойылды. Бірінші кезекте ұшу-қону жолағын қайта құруға дайындап, ол көп ұзамай жаңғыртылады деп күтілуде. Әуежай инфрақұрылымын күрделі жөндеуді келесі жылы бастау көзделген. Кейін, компанияға бірнеше міндет жүктеледі. Оның ішінде, операциялық басқару, яғни, жолаушылар тасымалы мен қызмет көрсетуді және әуежай жұмысын бұдан да тиімді ету бар. Бұған қоса, нысанды дамытудың кешенді бизнес-жоспары құрылмақ. Осының қамында қолға алынатын шараларды іске асыру барысында мемлекеттің де, жеке компанияның да мүдделері ескеріліп, бірлесе жұмыс атқарылады. Еліміздің көлік министрлігінің мәлімдеуінше, бұл болашақта инвестициялар ағынына да жол ашады.