Қазақстан аумағын жаяу бағындыруға бел буған 72 жастағы Сәрсенбай Қотырашов елордаға жетті. Еліміздің бас қаласы – марафон кезінде қария аялдаған 13-ші өңір. Ақсақал туған жері Қарағанды облысындағы Ұлытау ауылынан жолға шыққан. Қазір күніне 40 шақырымды артта тастайды. Алыс сапарға шықпастан бұрын зейнеткер марафонға түпкілікті дайындалғанын айтады. Ол кезде күн сайын 100 шақырымға дейін жүріп өтетінін сөз етті.
Сәрсенбай Қотырашов, саяхатшы:
– Алдағы мақсат - Меккеге жаяу барсам деген арманым бар. Одан кейін Алла қуат берсе жер шарын аралап шығып, халқымның бар екенін, ұлтымның бар екенін дүниеге танытсам деймін.
Осы уақыт ішінде жиһанкез он жұп аяқ киімді тоздырып үлгерген. Марафоны Ақтау қаласында жетеді. Жалпы қараша айына дейін Қазақстанның 18 қаласын жаяу аралауды көздеп отыр. Жүрген жерінде Ұлытау тарихын таныстыра отырып, Наурыз мерекесін кеңінен насихаттауды, сондай-ақ әр өңірдегі қолөнер шеберлері туралы тың деректерді де жинақтауды мақсат еткен.