Құрбан айтта елорда мешіттерінде дәстүрлі айт намазы өткізілмейді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Нұрдәулет Әлмұханов мәлімдеді.
Ол сондай-ақ «қызыл аймаққа» енген бас шаһардағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты мейрамды жаппай тойлауға арналған бұқаралық шаралар өтпейтінін жеткізді. Қатерлі індетке қатысты қауіпсіздік шараларын сақтап, адамдардың көп жиналмауын қамтамасыз ету үшін құрбандық шалу рәсімдері өтетін орындар, базарлар, шаруа қожалықтары айт күндері жұмысын тоқтатады. Ал құрбандық шалу онлайн түрде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының qurban2021.kz сайты арқылы жүргізіледі.
Ерболат Жүсіпов, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы:
- Жалпы, бұл жобаның мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу. Халықтың денсаулығы мен өміріне төнген қауіпті сейілтуге үлес қосу, құрбан шалуға ниет білдірген жандарға карантин жағдайында оңтайлы жол ұсыну. Жалпы qurban2021.kz сайты кеше 15:00-ден бастап іске қосылды. Бұл сайт құрбан айтың үш күні, яғни 22 шілдеге дейін жұмыс жасайтын болады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов