Қазақстанда
Костенко шахтасында апаттан кейін құтқарушылар қаза болған барлық 46 кеншінің
денесін тапты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында елдің Төтенше
жағдайлар министрі мәлімдеді. Сырым Шәріпхановтың айтуынша, апаттың
себептерін анықтауға отандық мамандардан бөлек алыс-жақын шетелдерден де
сараптамалық ұйымдар тартылды.
Сырым Шәріпханов,
ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
- Қайтыс болған 40
адамның жеке басы анықталды, 6-уы анықталған жоқ. Оларды сәйкестендіру үшін қажетті
тиісті сараптамалар жүргізіледі. ДНҚ талдауы өткізілетіні жоспарланып отыр. Электр
энергиясының болмауынан, тау-кен қазбаларының ұзындығынан, көптеген бұзылған
механизмдердің жолда болуынан іздеу жұмыстары қиындады. Су басқан жекелеген
тау-кен қазбаларында қолжетімділік болмады.
Үкімет басшысы облыс
әкімдігі мен Төтенше жағдайлар министрлігіне апатты жою бойынша барлық
шараларды қабылдауды тапсырды. Қазір шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін
тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары
жүргізілуде. Сондай-ақ Әлихан Смайылов қаза болғандар мен зардап шеккендердің
отбасыларына жан-жақты көмек көрсетілетінін тағы да айтты. Сонымен қатар шет мемлекеттердің басшыларынан,
халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен көңіл айту жеделхаттары әлі келуде.
Қытай, Болгария, Армения президенттері, бұдан бөлек Босния және Герцеговина
Президиумының Төрағасы мен тағы да басқалары қайғыра көңіл айтып, қолдау
білдірді.