Атыраудағы «Ақжайық» табиғи резерватында туристік маршрут ашу жоспарланып отыр. Ол екі бағыттан тұрады. Мектеп оқушылары мен жас натуралистер құрлықтағы табиғатты тамашаласа, ересек туристер су арналарын бойлай жүзіп, жыл бойы базары тарқамайтын Шағалалы аралына дейін бара алады.
Балымгүл Ізмұқанова, қорық маманы:
- Біздің мақсатымыз – туризмді дамыта отырып, жойылып бара жатқан аң-құстарды сақтап қалу, көбейту. Мысалы қарабай құсы қазіргі таңда сирек кездеседі. Жанат тәрізді иттерді де зерттеу барысында ғылыми қызметкерлер ғана кезіктіреді.
Айта кетейік, Ақжайық қорығының Жайық-Каспий бассейнінде құстардың күзгі миграциясы жүріп жатыр. Бұл кезең қараша айына дейін жалғасады. Қазір мұнда құстардың 290 -нан астам түрін кездестіруге болады. Осы арадан топтасқан қанаттылар шеруі алыс аймақтарға жол тартады. Кейібірі қыстап та қалып жатады.
Илья Бофонов, қорық орнитологы:
- Миграция кезінде 10 млн-дай балшықшы, 5 млн-дай қаз-үйрек пен 2 млн-ға жуық қасқалдақ, сонымен қатар 35 мың қоқиқаз осы маңда тоқтайды. Оның ішінде табиғатта аса сирек кездесетіндері де бар. Біз оларды бақылап, мониторинг жасаймыз. Қыстап қалатын түрлеріне қыста қолдан азық ұйымдастырамыз.
Табиғаты қатал мұнайлы өңір өсімдіктер фаунасы мен аңдарға да бай. Каспий маңайын негізінен қабандар, қасқырдың 2 түрі мен иттұқымдас жанаттар мекендейді. Сонымен қатар өсімдіктердің 200-ден астам түрі кездеседі.
Лаура Балғымбаева, қорық ботанигі:
- Олардың 3 түрі – шрен қызғалдағы, жүзгіш сардиния және Қазақстан шылымы Қызыл кітапқа енгізілген. Жалпы біздің негізгі мақсатымыз – осы өсімдіктер дүниесін қорғау, жойылып бара жатқан түрлеріне ай сайын мониторинг жүргізу. Мониторинг жүргізу өсімдіктердің жеміс беру кезінде басталады.