Түркістан қаласына ерекше мәртебе беріледі. Сенат тиісті заңды мақұлдады. Құжат
киелі шаһардың бірегей сәулеттік келбетін сақтау қамындағы түрлі іс- шараларды
қамтиды. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы аумаққа құрылыс
салуға енді жол берілмейді. Яғни, кесененің шекарасынан жүз метр қашықтықта
биіктігі жеті метрден асатын нысандар бой түземеуі тиіс. Жалпы, заң тарих және
мәдениет ескерткіштерін басқару мен қорғаудың тиімді жүйесін құрумен қатар,
ұлттық қолөнерді де дамытуға бағытталған. Осылайша құжаттың жекелеген нормалары
қала әкімдігі мен мәслихатқа 37 жаңа өкілеттік береді. Мәселен, жергілікті
депутаттар қала құрылысы және сәулеттік келбетті қалыптастыру ережелерін бекітетін
болады. Түркістанның соңғы жылдардағы даму көрсеткіштері жайлы сала мамандары баяндап
берді.
Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
- Соңғы алты жылда
Түркістан халқы орташа есеппен жылына 5% өсті. Яғни, өсім қарқыны жоғары. Әрине
бұл көрсеткіштер ескерілді. 2018 жылы республикалық бюджеттен бөлінген нысаналы
трансферттер 13 млрд теңге, ал 2024 жылы 72 млрд теңге болды. Яғни, 6 жылда
қаланы қаржыландыру 5,5 есеге өсті. Бұныңда оң әсері тиді. Өйткені, шаһардың
жалпы өңірлік өнімі 6 есе, өнім шығару 10 есе және жеке кірісі 14 есеге дейін ұлғайды.
Авторы: Жеңіс
Ермұқанов

