Сенаттың жалпы отырысында Су кодексі мен ілеспе
құжат екі оқылымда қаралды. Жоғарғы палата құжаттардың жекелеген баптарына
түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарды. Мәселен, су ресурстарын
пайдаланғаны үшін төлемге байланысты бірқатар нормаларды Салық кодексіне сәйкес
келтіру нақтыланды. Бұдан өзге су қорын қорғау және пайдалану саласындағы
мемлекеттік бақылау мен қадағалау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Су
пайдалануға рұқсаттан айыру тәртібін де қайта қарау жоспарланып отыр. Тағы бір
маңызды тұсы – құжатты Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес келтіру
маңызды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР
Су ресурстары және ирригация министрі:
- Жаңа Су кодексінде
бассейндік су инспекцияларына бақылау мен қадағалау функциялары беріледі. Яғни,
құжат қабылданғаннан кейін аталған инспекциялар ешқандай ескертусіз кәсіпкерлік
субъектілеріне, ауыл шаруашылығы нысандарына және өндіріс ошақтарына бақылау
жұмыстарын жүргізе алады. Рәсімделген келісім мен шарттар аясында олар суды
қалай пайдаланып жатыр? Осының барлығын тексеретін болады. Сол себепті
Кәсіпкерлік кодексіне бірқатар өзгеріс енгізіп отырмыз.
ТМД елдері
жемқорлықпен күресу үшін ынтымақтастықты арттырады
Сенат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы
мемлекеттердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы ынтымақтастығы туралы
келісімді ратификациялады. Құжат заңсыз кірістерді іздестіру мен қайтаруды
жүзеге асыру, сонымен қатар арнайы ақпараттық жүйелерді құру және пайдалану
секілді бірқатар бағыт бойынша ынтымақтастықты қамтиды.

