Қазақстандықтарға жалақысын азайтпай, тіпті басқа қалада бола тұра қашықтан жұмыс істеуге рұқсат берілуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары ел азаматтарының қашықтан жұмыс істеу барысында қалай еңбек ететінін талқылады. Депутаттар заң жобасын әзірлеп, оған «қашықтан жұмыс» ұғымын енгізді.
Халық қалаулылары бұл ережелер арқылы қызметкер кеңседе де, одан тыс жерлерде де жұмыс істей алатынын айтуда. Сонымен қатар өз міндеттерін үйден орындауға мәжбүр болған жұмысшылардың маңызды мәселелерінің бірі – қажетті байланыс құралдарының болмауы еді. Енді ережеде төтенше жағдай немесе карантин енгізілген жағдайда жұмыс беруші қызметкерді барлық қажетті техникамен қамтамасыз етуі керек деген норма жазылған. Ал егер жұмыскер өз қаражатын тұрақты негізде пайдаланса, басшылық оған ақшалай өтемақы төлеуі тиіс. Осылайша, жаңа заңды әзірлеушілер қолданыстағы актілерге 92 түзету енгізді.
Жанат Омарбекова, ҚР Мәжіліс депутаты:
- Жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау мақсатында, еңбек шартында жұмыс уақытының тіркелген есебін белгілеу жөніндегі норма көзделді. Осы уақыт ішінде жұмыскер жұмыс уақытының күнделікті ұзақтығының шектеулерін сақтай отырып, жұмыс уақыты шегінде жұмыс берушімен байланыста болу үшін қолжетімділік режимінде болуға тиіс. Бұл ретте еңбек шарты тараптарының келісуі бойынша қашықтан жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдана отырып, икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бүгінде әлемде жұмыспен қамтылған әрбір бесінші адам қашықтан жұмыс істеуге көшті. Егер пандемия кезінде біздің елдің азаматтарының 70% қашықтан істесе, осы жылдың алғашқы үш айында үйден тек 73 мыңнан астам адам жұмыс істеді. Мәжіліс депутаттары бұл заң жобасын қабылдай отырып, қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге болатынын атап өтті. Себебі енді қашықтан істелетін жұмысты нақты реттеуге болады.
Авторы: Ақзер Сегізбай