Қазақстанда толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін азаматтардың мүддесі халықаралық деңгейде қорғалады. Ел Сенаты осыны көздейтін заңды мақұлдады. Құжат барлық жұмыскердің құқығы тең болуын қамтамасыз етуге арналған. Соған байланысты қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту мәселесіне басымдық беріледі. Ондағы талаптар қызметкерлер мен кәсіпорындардың жекелеген санаттарын ескермегенде экономикалық қызметтің барлық дерлік саласына қолданылады.
Еске салайық, аталмыш конвенция 1994 жылы Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясында қабылданды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бұл Конвенция толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін азаматтардың мүдделерін қорғауды көздейді. Нақты айтқанда, олардың жалақы алуға, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына, әлеуметтік қамсыздандыруға, жыл сайынғы ақылы немесе ауруы бойынша демалысына қатысты құқықтарын қорғайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне қарағанда, елімізде былтыр 4-ші тоқсан қорытындысы бойынша әртүрлі салада 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек еткен.