Қазақстанда Ұлттық кеңістіктік деректер инфроқұрылымы құрылады. Сенат еліміздің геодезия және картографиялық қызметінің дамуына құқықтық негіз болатын жаңа заңды қабылдады. Бұдан былай ел аумағындағы бар нысандар туралы мәлімет сандық жүйеге негізделген бірыңғай тұғырнамаға біріктіріледі. Яғни, республика кеңістігінде жаңадан тіркелген кез келген құрылыс нысаны автоматты түрде ұлттық кеңістіктік деректер қорына жинақталып, цифрлық карта ұдайы жаңарып тұрады. Айта кетейік, қолданыстағы құжат осыдан 20 жыл бұрын қабылданған. Сәйкесінше, заман ағымына сай жетілдіруді қажет етудің кезі әлдеқашан туындаған болатын дейді мамандар.
Бағдат Мусин, ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Бұл инфроқұрылым елімізді цифрландыруда маңызды рөл атқаратын геодезия және картография саласы тарихында алғашқы ауқымды жоба болып табылады. Аталған жоба кеңістіктік деректерін унификациялауға, дамытуға және актуалды күйде ұстап тұруға, сондай-ақ бытыраңқы кадастрлар мен ақпараттық жүйелерді бір ақпараттық кеңістікке интеграциялауға мүмкіндік береді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бұл инфрақұрылым тұтынушылардың электронды деректерге қолжетімділігін және оларды тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта толық және анық кеңістіктік деректер мен геодезия және картография жүйелері ақпаратты жедел өңдеуге, экономиканың салаларында және мемлекеттік басқару жүйесінде ұтымды шешімдер қабылдауға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.