Ревакцинация антиденелердің ұзақ айналымына ықпал етумен қатар олардың сапасын арттырады. Яғни коронавирусқа қарсы екпенің бустерлі дозасын алған адамдар қауіпті індеттен қорғаудың жоғары деңгейімен қамтамасыз етіледі. Мұндай пікірді Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Павел Дерябин білдірді. Оның айтуынша, вакцинаны қайта салдырудан қорқудың керегі жоқ. Арнайы антиденелердің тиісті антигендермен байланысының беріктігі неғұрлым жоғары болса, вирустың бейтараптандырылуы соғұрлым жақсы болады. «Бұл өз кезегінде аурудың симптомсыз немесе жеңіл түрде өтуіне мүмкіндік береді», – дейді вирусологтар. Сонымен қатар сарапшылар COVID-19-бен күресуге қатысты мамандар ұсынған ережелерді сақтауға кеңес береді.
Павел Дерябин, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы:
- Ең алдымен, егілудің мерзімі келген кезде міндетті түрде қайта вакцинациялану керек. Екіншіден, санитарлық талаптарды қатаң сақтау қажет. Бүгін талаптарды ескермей, ертең сан соғып қалуымыз мүмкін. Көпшілік жиналатын және адамдар арасында жақын байланыс болатын жерлерде, қоғамдық көліктерде бетперде киюді ұмытпау керек. Сонымен қатар 1,5 метрлік әлеуметтік арақашықтықты сақтау да маңызды. Ревакцинация кезінде 3-4 күн бойы осы ережелерді қатаң сақтауға кеңес беремін.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов