Қазақстандық актер әрі режиссер Санжар Мәди буллинг мәселесін қозғайтын қысқаметражды фильм түсірді. Автордың айтуынша, кинотуынды бір отбасының өмірі арқылы қоғамдағы қатыгездік мәселесін көтереді. Бір жанұя мүшелері күнделікті өздеріне қатысты теріс әрекеттерге тап болады. Сол негативтің әрі қарай дамуын тоқтатпаса, неге әкеліп соғатынын көпшілікке баяндайды.
Осылайша, қысқаметражды картина авторлары қоғамдағы буллинг мәселесіне көңіл бөлуге шақырады. Мұндай жат қылықтар тек мектеп қабырғасында ғана емес, жұмыс орнында және үй ішінде де орын алып жататыны көпке мәлім. Баршаға ортақ мәселені көтерген туынды идеясының авторы Ерұлан Құсайыновтың айтуынша, оны тудыратын өзіміз.
Ерұлан Құсайынов, фильм идеясының авторы:
- Біз маңызды мәселені көрсете алдық деп ойлаймын. Көбі ол жерде өзін немесе таныстарын көре алады. Мақсатымыз – шынайы өмірді көрсету. Сондықтан адам өмірінің маңызды деген тұстарын алып, көпшіліккке паш етуге тырыстық. Негізінен қоғамдағы агрессия мен буллинг көріністері қамтылған.
Әлеуметтік жобаға елімізге танымал актерлік құрам тартылған. Картинадағы басты рольдерді Азат Сейтметов, Әсел Сағатова сынды жұлдызды актерлер сомдайды. Картинаның саундтрегі ретінде көпшілік ұйып тыңдайтын «Ирина Қайратовна» тобы мен Hiro-ның бірлескен әні таңдалған. Бір қызығы, фильм бір күннің ішінде небәрі екі локацияда түсірілген.
Санжар Мәди, фильм режиссері:
- Мен қандай сөздерді қолдану керектігін білдім. Өйткені анам ағылшын тілінің мұғалімі. Пандемия кезінде ол шын мәнінде роликте көрсетілген оқиғалардың куәгері болды. Бұл – «істен шыққан микрофон» сынды өмірлік оқиғалар. Мен өзім анама компьютерді қайта қалпына келтіруге көмектестім. Әрине, дәл солай ашулы болмағанмен соған жақын оқиға болды.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай оқиғаларға Қазақстанның әрбір екінші жасөспірімі тап болады. Пандемия кезінде бұл мәселе тіптен өршіп кетті. Кибербуллинг белсенді түрде тарап барады. Сондай-ақ ересектер де жұмыс орындарында психологиялық күйзеліске ұшырай бастады. Кинотуындыны Youtube желісінен тамашалауға болады.