Педагогикалық мамандықтарды таңдайтын қазақстандықтар қатары жылдан жылға артып келеді. Қазір білім беру ісіне қызығатын жастар қатары бұрынғыдан көп. Бұл негізсіз емес. Өйткені 2025 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 2 есеге көбейеді.
Бұл салада индексация жиі және жеткілікті көлемде жүргізіледі. Және бұл үрдіс оқу кезеңінен басталады деуге болады. Болашақ ұстаздардың шәкіртақысы бүгінгі таңда басқа мамандықтармен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Алайда мамандықты таңдаушылардың көптігінен грант иеленуде бәсеке жоғары. Айталық, педагогикалық мамандарға шектік балл көрсеткіші 75-ке көтерілді.
Асхат Аймагамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Қазіргі таңда 347 мың педагог бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен болашақ педагогтардың стипендиясы 2 есеге жоғарылады. Қазір олар 42 мың теңге алады. Педагогикалық мамандықты иелену үшін ең төменгі балды 50-ден 75-ке көтердік. Ең мықты мектеп бітірушілер осы мамандықты таңдауы біз үшін өте маңызды. Ал оқуға түсетіндердің балл дәрежесі 60-тан 90-ға жоғарылады.
Асхат Аймағамбетов реформалардың арқасында соңғы бір - екі жылдықта ең мықты мектеп бітірушілердің педагог мамандығын таңдауы жиілегенін айтты. Олардың қатарында «Алтын белгі» иегерлері де бар.
Асхат Аймагамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Сөзімізге нақты дәлел «Алтын белгі» иегерлерінің мұғалім мамандығына көптеп түсіп жатқаны. Өткен жылғы ҰБТ қорытындыларына сүйенсек, олардың қатары 2 есеге артқан. Биылғы ҰБТ-ның барысында 135-137 баллдан жинап жатқан абитуриенттер мұғалімдік жолды таңдап жатқанын байқап отырмыз.