Жылдам әрі арзан медициналық қызмет. Қазақстандықтарға ағзаны жасанды интеллекттің көмегімен толық тексеру мүмкіндігі туды. Елордалық ғылыми клиникалық орталықтың дәрігерлері науқастың хал-ахуалын жылдам әрі нақ анықтайтын алгоритм әзірледі. Бірегей жүйе сараптамасының дәлдігі 100 процентке жуықтайды. Әзірлеушілердің айтуынша, егер бұған дейін әр түрлі талдаулар жасауға бір айға тарта уақыт жұмсалса, жаңа әдіспен бұл үрдісті бар болғаны бір-ақ минутта тындыруға болады. Иммундық жүйенің қауқары қандай және ағзада жасырын аурулардың бар-жоғын білу үшін телеграм-ботқа қанның жалпы талдауы туралы ақпаратты жүктеу жеткілікті. Сандық делдал барлық деректерді өңдейтін арнайы серверге жібереді. Заманауи саралаудың бұндай бірегей жүйесі арқылы денсаулық жағдайын бақылауда ұстау жеңілдей түсті дейді, мамандар.
Нұрлыбек Үдербаев, Ғылыми-клиникалық орталық және инновациялық медицинаның бас директоры:
- Қанның жалпы талдауы - бұл ең қолжетімді, қалыпты және
өңдеуде өте қарапайым медициналық әдіс. Яғни, ол әлемнің кез келген жерінде,
кез келген адам үшін қолжетімді. Бұл талдау күрделі сараптамаға жатпайды. Алайда
адам ағзасына қатысты өте үлкен көлемдегі ақпарат көзі. Біздің тұғырнама
несімен ерекше? Ол қанның сандық көрсеткіштерін өңдеп, адамның иммундық жүйесі
туралы толық ақпарат береді. Ол үшін адамның деректері қажет емес, тек қан
талдау бланкісінде көрсетілген сандар ғана болса жеткілікті.