Қолға алынған бағдарламалар медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған. Үкімет сағатында Денсаулық сақтау министрі осылай деді. Ажар Ғинияттың айтуынша, ауылда алғашқы медициналық-санитарлық көмектің озық тәжірибесінің «Пациентке бағдарланған тәсіл» жобалары енгізіліп жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған жобада пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, ауруларды басқару бағдарламалары, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау сияқты мәселелер де бар.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде, яғни Қазақстанда, Испанияда және Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты.
Сонымен қатар, ведомство басшысының айтуынша, көпбейінді орталық аудандық ауруханаларда медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Басымдық шұғыл ем-шаралары және диагностикаға берілген.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Әлемдік және отандық тәжірибе қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері, оның ішінде операциялық аз инвазивті араласулар, диагностикалық пен емдік лапароскопия, холецистэктомия, аппендэктомия, герниопластика, артроскопия, интрамедуллярлық остеосинтездер, т.б. енгізілген, өздеріңіз көрген Аягөз көпбейінді аудандық орталық ауруханасында стандарттар енгізудің және жүзе асырудың ең үздік тәжірибесін атап өткен жөн. Бүгінде солтүстік Қазақстан, Ақмола, Жамбыл және басқа өңірлерден келген әріптестер олардың оң тәжірибесін қабылдауда.