«Pfizer» вакцинасының алғашқы топтамасы Қазақстанға 15 қараша дейін жеткізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлады. Министр мәлім еткендей, коронавирусқа қарсы аталмыш препараттың 4 миллионнан астам дозасы сатып алынған. Алғашқы партия 379 мың доза көлемінде жеткізіледі деп күтілуде.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Балаларды, жүкті және бала емізетін әйелдерді коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациямен қамтамасыз ету мақсатында 4 млн 230 мың доза вакцина сатып алынды. Бұл 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Вакцинация 12-17 жастағы балаларға, жүктілік мерзімі 16-37 апталық жүкті әйелдерге және босанғаннан кейін 42 күннен соң бала емізетін әйелдерге жүргізіледі. «Pfizer» вакцинасын сақтау ерекшелігін ескере отырып, бүгінде 34 мұздатқыш сатып алынды және еліміздің 16 өңіріне жеткізілді.
Сондай-ақ министр елімізде ревакцинация 22 қарашада басталатынын, онымен ең алдымен халықтың тәуекел тобына жататын азаматтар қамтылатынын мәлімдеді.
Авторы: Ақзер Сегізбай