Қазақстан фармацевтикасы тұрақты өсім көрсетіп, нарықта отандық өндірістің позициясы күшеюде. Бүгінде 200-ден астам
өндіруші тіркелген, ал ұзақ мерзімді шарттар аясында нарыққа 2 мыңнан астам
өнім түрі жеткізіледі. Саланың дамуына ауқымды инвестициялар серпін берген. Елімізде 316 млрд теңгеден
астам қаржыға жаңа өндірістерді іске қосу қолға алынған. Жалпы, өткен жылы фармацевтикалық өнім шығару
көлемі оң динамика көрсетіп, 190 млрд теңгеден асты. Үкіметтің қолдауымен әрі уәкілетті органдармен
бірлесіп, дәрі-дәрмек құнын реттеу жұмысы жалғасуда. Қазірдің өзінде бірқатар позициялар бойынша орта есеппен бағаның
төрттен біріне төмендеуі тіркелген. Сондай-ақ, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тіркеуді
жеделдету тетіктері пысықталуда, бұл олардың нарыққа шығу мерзімдерін
қысқартуға мүмкіндік береді. Осы шаралар кешені дәрілік
қауіпсіздікті нығайтуға, отандық индустрияны дамытуға және медициналық
қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл ретте ел ішіндегі өндірісті
кеңейтуге, инвестициялар тартуға және бизнеске қажетті тұрақтылықты қалыптастыруға баса назар аударылады. Үкімет Президент тапсырмасы бойынша отандық
өндірушілерді қолдау шараларының кешенді пакетін әзірледі. Фармацевтикалық препараттар нарығындағы отандық тауар өндірушілердің
үлесін 50%-ға дейін ұлғайту міндеті қойылып отыр.
Қанат Шарлапаев, «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы:
- Біз дәрі-дәрмек өндіретін зауыт салғысы келген ірі инвесторлар
үшін неғұрлым болжамды орта ұсынамыз, бұл шаралар ақыр соңында Қазақстан нарығындағы отандық тауар
өндірушілердің үлесін арттырады. Шын мәнінде бұл тек өнімнің арзан болуы мәселесі ғана емес, бұл көп жағдайда қауіпсіздік
мәселесі, яғни дәрілік препараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін - өз
өндірісімізді дамыту қажет және қазір бұл бағытта айтарлықтай жұмыс
жүргізілуде.
Марина Дурманова, ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығының президенті:
- Президенттің отандық тауар өндірушілерді дамыту жөніндегі жолдауы нені көздейді? Мұндағы мақсат елдің ұлттық
қауіпсіздігіне қол жеткізу, нарықтағы дәрілік препараттардың 50%-тен кем емес бөлігі отандық өндірушілердің үлесінде болуы қажет.

