Сапалы медициналық қызметтер, қолжетімді баға және денсаулық
сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде
Қазақстанда медициналық туризм қарқын алып келеді. Біздің елге ем-дом іздеп
келетін шетелдіктердің саны артуда. Мысалы, Шымкентті Өзбекстан, Тәжікстан,
Ресей, Қытай азаматтарды таңдайды. Еуропадан келетіндер де бар. Үшінші
мегаполисте күрделі операциялар жасалады. Тек өткен жылы қазақстандық дәрігерлер
150 шетел азаматына көмек қолын созған. Солардың бірі - Тәжікстан азамататы
Абдулахай Қасымов. Ол Қазақстанға күрделі нейрохирургиялық операция жасату үшін
келген. Ер адам инсульт алыпты. Салдарынан мидың бір бөлігін қамтамасыз ететін
қан тамырлары бітеліп қалған. Жергілікті дәрігерлер біздің елде емделуге кеңес
берген көрінеді.
Абдулахай Қасымов, Тәжікстан азаматы:
- Клиникада дәрігер қабылдауында болдым. Қан қысымым жоғары.
УЗИ-ден өткен соң, тексерді. Сосын Қазақстанға барып, емделуге кеңес берді.
Хабарласып, келдік. Ұйқым тыныш, басым айналмайды.
Пациент стационарда бірнеше күн ғана болған. Қазір жағдайы
жақсы. Бастысы ем-домда ешқандай асқыну болған жоқ. Күйзеліс те байқалмайды.
Дәрігерлер операцияны озық заманауи әдіспен жасаған. Ағзаға да кері әсері жоқ
Бұл жылдам қалыпқа келуге мүмкіндік береді.
Марат Күлмирзаев, Шымкент қаласы,
№2
Нейрохирургия ауруханасының бөлімше меңгерушісі:
- Бізге жоғарғы технологиялық
құрылғыларды қажет ететін операция үшін келеді. Негізінен күрделілігі жағынан
4-5 категорияға жататындар. Кей елдерде нейрохирургтар мен білікті мамандар
жетіспейді. Сондықтан жедел көмек алу үшін бізге келеді.
Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы,
Денсаулық сақтау басқармасының жетекшісі:
- Өсім бар. Кардиохирургиялық, ортопедиялық және нейрохирургиялық операциялар жасалады. Бізде жоғары класты мамандар бар екенін естіп, біледі. Ангиограф, МРТ, КТ секілді озық құрылғылар бар. Барлығы соңғы үлгідегі аппараттар. Оларды да біледі.
Қазақстандық дәрігерлер өзге елдерден келген пациенттерді
ғана қабылдап қоймайды. Өздері де шетелге барып, әріптестер арасында
тәжірибелерімен бөліседі. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанды медициналық
туризм бағытында таңдау - бұл емделушілер тарапынан жасалып отырған үлкен
сенім.

