Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, республикалық референдумда дауыс берді. Жалпыұлттық референдум арқылы Конституцияға өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі – бүгінгі аса маңызды шараның басты ерекшелігі. Бұған дейін Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі шешімді Парламент қабылдайтын. Қасым-Жомарт Тоқаев дауыс бергеннен кейін отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізді. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды өтіп жатқан референдуммен құттықтады. – Бүгін еліміз үшін, шын мәнінде, тарихи күн. Халқымыз бетбұрысты шешім қабылдамақ. Ешқандай мәжбүрлік жоқ. Референдум жоғары деңгейде ұйымдастырылған, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы конституциялық реформаның негізгі мақсаттары мен міндеттеріне қатысты журналистердің бірқатар өзекті сауалына жауап берді.