«100 жаңа есім» жобасының IV маусымы қатысушыларына жалпыхалықтық дауыс беру басталды. Жобаға қатысушылардың өтінімдерін қабылдау 22 ақпан мен 22 наурыз аралығында жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.
Жалпы еліміздің барлық өңірінен 7 номинацияға 2 790 өтінім келіп түскен. Ең көп өтінім мәдениет, спорт, білім және қоғам номинацияларына берілді. Сондай-ақ биыл жаңа «Экология» номинациясы қатарға қосылды.
Жаңа есімдерді анықтауға барлық қазақстандық атсалыса алатынын еске саламыз. Ол үшін 25-31 наурыз аралығында 100janaesim.ruh.kz сайты арқылы дауыс беруге болады.
Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, 4 жыл ішінде жеңімпаздарға қаржылай сыйақы берілмеген. Себебі жобаның басты мақсаты – жеңіске жеткен азаматтарды қоғамға үлгі ретінде көрсету.
Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:
- Бұл жобада қаржылай сыйақы жоқ. Дегенмен елге танымал болған азамат бірталай нәтиже көре алады. Біріншіден, біз жеңімпаздарға елдің алдында көптеген кездесу ұйымдастырамыз. Олар өздерінің жасап жатқан жұмыстары жайлы айтып жеткізе алады. Өздерінің осы биікке қалай жеткендерін атап өте алады. Сондықтан олар жастарға үлгі ретінде көрсетіледі. Екіншіден, олар өздерінің шығарып жатқан өнімдерін немесе басқа жобаларын халыққа таныстырады.