Президент Жолдауда қаңтар оқиғасына қатысты тергеу қорытындылары туралы айтады

Президент Жолдауда қаңтар оқиғасына қатысты тергеу қорытындылары туралы айтады

«Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы бойынша алдын ала тергеу жұмыстарының қорытындыларын наурыздағы Қазақстан халқына Жолдауында жариялайтынын жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген кешегі сұхбатында айтқанындай, халықтан ештеңені жасырып қалмайды. Барлық ақпарат жария етіледі. Қазір тиісті органдар ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізуде. Бұған біраз уақыт керек.

Президент сұхбат барысында атап өткендей, қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігі. Дәл осы құқықтық принцип негізінде қаңтар оқиғасы барысында ұсталған азаматтардың жауапкершілік мәселесі шешіледі. Олардың басым көпшілігінің жазасы жеңілдетілгені мәлім. Жүздеген адам тергеу изоляторынан босатылды. Қамаудағы азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне байланысты да тексеру жүргізілуде. Сонымен қатар ауыр қылмыс (кісі өлтіру, тонау, қарақшылық және т.б.) жасағандар заңға сәйкес жазаға тартылады.

Президент наурыз айының ортасында жасайтын Жолдауында саяси реформалар бойынша өз бағдарламасын ұсынатынын еске саламыз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының кешегі сұхбаты көрермен қауымның зор қызығушылығын туғызғанын атап өткім келеді. Бұл еліміздің ақпарат кеңістігіндегі маңызды тақырыпқа айналып үлгерді деп айтуға болады. Оған әлемнің жетекші агенттіктері белсенді түрде сілтеме жасауда. Қасым-Жомарт Кемелұлы қатты суық тигізіп алғанына қарамастан, берген уәдесінде тұрды. Президент отандастарымыздың аталған мәселеге ерекше алаңдап отырғанын ескеріп, ұлттық телеарнаның тілшісіне беретін сұхбатын кейінге шегермеді» делінген хабарламада.