Қыс иектеп ел-жұрт қармен алысып жатса, Жетісайдың диқандары көктемгі егіс науқанына кірісіп кетті. Қазір еліміздің ең ыстық өңірінде ауа температурасы +10 градус. Шаруа баққан ағайын қырыққабат егуді бастап кеткен. Алғашқы өнімді көктемде жинап алу жоспарланып отыр.
Сапаралы Үсенов, шаруа:
- Былтыр осы жерден 300 тонна өнім алғабыз, биыл да солай болады деп отырмыз. Бұл – ерте пісетін сорт. Шамамен 60-70 күнде піседі.
Түркістан облысында қырыққабат егістігіне 1 мыңнан аса алқап бөлінген. Көкөніс және дәнді дақылдардың жалпы егістік көлемі 78 мың гектардан асады. Жергілікті диқандар облыста бірінші болып егіс науқанын бастап кетті. Көктемгі дала жұмыстары ақпан айының ортасында ғана басталады.
Әлібек Плалов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Жер көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мың гектарға артық. Соңғы 3 жылда бір алқаптан 2-3 өнім алу жобасы қолға алынған болатын. Былтырғы жылы 2 878 жоба іске асты. 8 900 гектарға егілген көкөністен 279 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналды.
Айта кетейік, Түркістан облысының аграрийлері бірнеше жылдан бері жылына 3 мәрте егін жинауға мүмкіндік беретін технологияны меңгеріп келеді. Бір егістікте шаруалар қыста қырыққабат, көктемде картоп, жазда қияр мен қызанақ егеді. Осылайша жыл бойы жеміс жинауға болады. Нәтижесінде егіннің көлемі де, диқандардың пайдасы да артып отыр.