Премьер-Министр СҚО-ның тасқын суға дайындығын тексерді

Премьер-Министр СҚО-ның тасқын суға дайындығын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысында «Дрондардың бірыңғай инфрақұрылымы» жобасы ендіріліп жатыр. Ол биылдан өңірдің су тасқыны жағдайын бақылап, ақпаратты жедел беру үшін қолданылмақ. Жасанды интеллект элементері бар технологиялық шешім аймаққа жұмыс сапарымен барған Премьер-Министрге таныстырылды. Олжас Бектеновке 1-ші көтергіш сорғы стансасын жаңғырту барысы көрсетілді. Мұнда құрғақ жерде және су астында жұмыс істей алатын 2 сорғы мен жаңа технологиялық жабдықтар орнатылады. Бұдан бөлек Үкімет басшысы тасқын сулардан қорғауға арналған техниканың дайындығымен де танысты. Қауырт маусымда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бөгет бекінісін жаңғырту және Есіл өзенінен өтетін көпір салу жоспарланған. Олжас Бектенов Петропавл және Сергеев су торабына да барды. Бұл нысандар елді мекендерді су тасқынынан қорғауда және тұрғындарды тіршілік көзімен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.

Шұғайып Ибатуллин, «Қазсушар» РМК Солтүстік Қазақстан филиалының директоры:

– Осы 2025 жылға су тасқынына қарсы 20,3 млн теңге ақша бөлінбекші. Бұған мың шаршы метрдей тас әкелініп, осындағы жұмыстар әрі қарай жалғасатын болады. Негізінде екі су қоймасы биыл су тасқынына дайын, ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Петропавлда су тасқыны кезеңіне дайындық жөнінде республикалық кеңес өтті

Премьер-Министр Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында су тасқыны кезеңіне дайындық жөнінде республикалық кеңес өткізді. Жиында «Tasqyn» топан суды болжаудың жаңа ақпараттық жүйесі сияқты цифрлық шешімдер таныстырылды. Өзендердің 128 учаскесіндегі 142 гидробекетте су тасқынын модельдеу жүргізіледі. Сондай-ақ, су қоймаларынан жіберілетін су мөлшері бойынша жедел мәлімет автоматтандырылған және қауіп-қатерді ертерек ескертуге мүмкіндік беретін GloFAS жаһандық су тасқыны туралы ескерту жүйесімен біріктірілген. Бүгінде су тасқыны қаупі бар аймақта 1200 астам елді мекен бар. Оларды қорғау үшін топырақ үйінділері мен қорғаныс бөгеттері тұрғызылды, 800 шақырымнан астам су бұру жүйелері, каналдар мен арықтар жөнделіп, салынды. Автомобиль және темір жол қатынастарында 960 су өткізу құрылыстары орнатылып, 74 өзеннің қауіпті учаскелерінде 500 шақырымға жуық аумақта түбін тереңдету жұмыстары жүргізілді. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр бірқатар тапсырма берді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер Министрі:

- Көктемнің басы жылы әрі жауын-шашынды болады деп күтілуде. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз керек. Әрбір елді мекенге барып, қалыптасқан жағдайды жан – жақты саралап, тиісті шаралар қабылдайтын өңірлік комиссиялар құруды тапсырамын. Былтырғыдай су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны салдарын жою бойынша республикалық штаб құру керек. Әкімдер мен ведомствалар су тасқыны кезеңіне дайындықты наурыз айының басына қарай аяқтаулары қажет.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?