Дударай, Құсни Қорлан және басқа да Ұлы даланың әйгілі әуендері Париж төрінде шырқалды. Оларды бір сахнада Австрия, Италия, Франция, Германия, Түркия елдерінде тұрып жатқан тегі қазақ музыканттар мен әншілер орындады. Іс-шара тарихи отанынан жырақта жүрген жүздеген қазақтың басын қосқан шағын құрылтай аясында өтті. Айта кетейік, шара «Отандастар» қоры мен Қазақстанның Франциядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Құдайберген Әбілдин, әнші, Германия:
– Ең бастысы, туған жеріңмен әрқашан байланыста болуың керек. Бәріміз Қазақстанда туғанбыз, бұл ең бастысы. Шетелде қазақ мәдениетін танытатын құрылтайда, концертте өнер көрсетуге мүмкіндік болып жатса, мен әрқашан қолдау білдіріп, қатысуға дайынмын.
Айдана Мадияр, музыкант, Австрия:
– Біздің әуендерді Еуропа еліне таныту керемет идея деп ойлаймын. Себебі, қазақ музыкасы оңай өңделеді. Біз музыкаларды, тек қазақстандықтар ғана емес, еуропалықтар тыңдай алатындай аранжировка жасадық.