Бауырлас мемлекеттердің аттас қос ұйымы ана тілдерін, ұлттық құндылықтары мен рухани мұрасын шетелде насихаттау үшін енді бірігіп жұмыс жасайды. Ең бастысы құжат аясында тараптар елінен жырақта жүрген отандастары мен шет мемлекеттерде тұрақты пана тапқан қандастардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда күш біріктіреді. Соңғы мәліметтерге сай, қазір әлемнің жер-жерінде үш жарым млн этникалық қазақ және одан үш есеге көп өзбек ұлты тарыдай шашылып жүр. Өзбекстанда 800 мыңнан астам қандасымыз, ал Қазақстанда 600 мың этникалық өзбек мекен етеді.
Одилжон Саттаров, «Ватандошлар» қоғамдық қорының төрағасы:
- Соңғы ресми мәліметтерге сүйенсек, түрлі елдерде 10 млн-ға тарта отандасымыз тұрып жатыр. Әлем бойынша 200 шақты қоғамдық ұйымды анықтап, олармен байланыс орнату үшін түрлі меморандум жасастық. Айта кету керек, бұл 200 ұйымның 40-тан астамы Қазақстанда орналасқан. Яғни, бұл мемлекет біздің қандастарымыз ең көп шоғырланған негізгі серіктесіміз. Біз бұны жақсы білеміз. Сондықтан екі елдің достығын нығайтуға бағытталған бірлескен шараларды қолға алуға қашанда дайын екенімізді жеткізгім келеді.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қорының» президенті:
- Бұл сайып келгенде екі елдің мысалы Қазақстандағы өзбек халықтарының, Өзбекстандағы қазақ ұлттарының бір-бірін жақын тануына, бір-біріміздің тарихымызды, әдет-ғұрыптарымызды жақсы етене тануына алып келеді. Сонымен қатар ұйымдарымыз түрлі халықаралық ұйымдардың шеңберінде ынтымақтастығын жалғастыруды көздеп отыр. Бұның басында түркі мемлекеттері ұйымы шеңберіндегі диаспора саласы бойынша ынтымақтастық. Сонымен қатар, осы Орталық Азия елдеріндегі халықтардың басқа үшінші тараптармен ортақ ынтымақтастығын дамыту жоспарланып отыр.