Оюлы көрпе, қазақы көйлек, көне тымақ, сыр сандық, қамшы мен домбыра. Киіз үйдің әдемі жабдықтары Украинадағы Тарас Шевченко атындағы ұлттық мұражай-қорығындағы қазақ бұрышына қойылған. Маңғыстау өңірінен тарту ретінде жеткізілген бұйымдардың тарихы әріде жатыр.
Ирина Паламарчук, Тарас Шевченко атындағы ұлттық мұражай-қорығының қызметкері:
- Украинаға 1989 жылы жеткізілген қазақ үйдің ішінде тұрмын. Негізі бұл киіз үй өткен ғасырдың 50-60-шы жылдарында жасалған. Бірақ жұпыны және ішкі жабдықтары толық емес еді. Енді міне, Қазақстаннан келген әріптестеріміздің көмегімен киіз үй тұрмыстық бұйымдармен толтырылды. Сәйкесінше мұрағатта тұрған қазақ үйдің сәні кіріп, сұлу келбетін тапты. Мұражайға келген адамға ерекше әсер береді деп сенемін.
Маңғыстаудан Украинаға арнайы барған делегация осы елдегі мұражай қорымен әріптестікті нығайту туралы келісімге қол қойды. Тараптар әсіресе ғылыми зерттеулер саласындағы тәжірибе алмасуды арттырамыз деп жоспарлап отыр.
Пәния Сармурзина, Маңғыстау облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы:
- Меморандум бойынша екі музей арасындағы қызметтерге, оның ішінде Тарас Шевченконың мұрасын Маңғыстауда насихаттауға назар аударылды. Қазақ халқының мұраларын осы музейде насихаттау жұмыстары толық қолға алынатын болады. Сондай-ақ келесі жылы Маңғыстау облысындағы музейлердің ашылғанына 90 жыл толғалы отыр. Музейлердің басталуы Порт Шевченко қаласындағы Тарас Шевченко атындағы мемориалдық кешеннен бастау алады.