Мемлекет басшысы Қостанай облысында өрттен зардап шеккен аумақты тікұшақпен аралап шықты. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге жұмыс сапарымен барды. Қазір Әулиекөл ауданында өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жалғасуда. Республика Төтенше жағдайлар министрлігінің шұғыл штабынан хабарлағандай, желдің күшеюі салдарынан жалын Бағаналы ауылына қауіп төндіруде. Қазір техника мен күштерді қайта жұмылдыру шаралары жүргізілуде. Тұрғындар Қазанбасы ауылына эвакуацияланып жатыр. Тілсіз жаумен күрес әуеден де, жерден де жүргізілуде. Дәл қазір Әулиекөл ауданында бес өрт ошағы анықталған. Жалын 100-ге жуық құрылыс нысанын күлге айналдырды. Төтенше жағдайлар министрлігінің шұғыл штабынан хабарлағандай, арнайы құрылған комиссия өрттен келген шығын көлемін нақтылауға кірісті. Ал зардап шеккендердің жеке құжаттары кезектен тыс қалпына келтіріледі. Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінуге тиіс, деп хабарлайды Азаматтарға арналған үкімет корпорациясы.