Атамекенге танымдық сапар. «Орынбор аймақтық қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының бірнеше өкілі Қазақстанға келді. Олар апта соңына дейін елордада «Отандастар қоры» арнайы ұйымдастырған қазақтың ұлттық мәдениеті, әдет-ғұрпы және қазақ тілі тақырыптарын қамтитын шеберлік сабақтарына қатысады. Қандасымыз Әйгерім Бижанованың айтуынша, Қазақстанға келудегі басты мақсат – ұлттық құндылықтарды жақынырақ таныса отырып, Ресей қазақтары арасында дәріптеу. Орынборда 120 мыңнан астам қазақ тұрады. «Аймақтық қазақ-ұлттық мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымы 2008 жылы құрылған.
Әйгерім Бижанова, «Орынбор аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясы» қоғамдық ұйымының өкілі:
- Орынбор қаласында мәдени автономия, яғни мәдениет саласындағы орталығымыз бар. Біз қазір лицензия алу үстіндеміз. Білім саласы бойынша орталық ашылып жатыр, тағы 5 сала бар. Бірінші сала, әрине, тіл. Қазақ тілі, домбыра класы, би және Қазақстан тарихы, салт-дәстүрі жағынан және қолөнер. Осындай 5 саланы қамтитын орталық ашылып жатқандықтан, осында келудегі мақсатымыз – толық ақпарат алу. Өзіміздің қазақтар қалай тұрды, сақталған қандай салт-дәстүрлері бар. Біздің сол білгенімізді Орынбор қазақтарына, жасөспірімдерге, өсіп келе жатқан ұрпағымызға қалдыру – мақсатымыз.
Авторы: Ақзер Сегізбай