Бейжіңде аспанасты елінің, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері талдау орталықтарының өкілдері бас қосқан бірінші форумы өтті. Іс-шараға қатысушылар Орталық Азия аймағында тұрақтылықты сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторы Ауған еліндегі ахуалды тез арада реттеу болып табылатынын алға тартты. Ол үшін ең алдымен ынтымақтастықты нығайту қажет екені айтылды. Қытай сыртқы саясат ведомствосының өкілі атап өткендей, форум осы жылдың мамырында Қытай мен Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты іске асыру бойынша тиімді шара болып табылады. Өйткені бұл жиын қатысушы мемлекеттер арасында тәжірибе алмасудың алаңына айналды.
Лэ Юйчэн, ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
- Қытай мен Орталық Азия елдері Ауғанстанға жақын орналасқан, мыңдаған шақырыммен шекараласып жатыр. Ауғанстандағы жағдай өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтаумен тығыз байланысты екені түсінікті. Қазіргі уақытта Ауғанстан ауыр гуманитарлық дағдарысқа және босқындар ағымының қаупіне тап болды. Көрші ел ретінде Қытай Ауғанстанға қажетті шұғыл көмек пен эпидемияға қарсы қолдау көрсетуде. Сондай-ақ осы елге 200 млн юаньді құрайтын төтенше гуманитарлық көмек көрсету бағдарламасын жандандыруда.
Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің саяси көзқарасымыз бен жеке сеніміміз әртүрлі болса да, біз Ауғанстанды бұрын-соңды болмаған қиындықтармен жалғыз қалдырмауға тиіспіз» деген сөздері мемлекетіміздің ұстанымын жақсы білдіреді. Ауған халқына гуманитарлық көмек көрсету – бұл іске қосқан нақты үлесіміз. Ол бос сөз емес. Ниетіміз нақты іс-әрекеттерімен қатар жүреді. Осылайша біз азық-түлік және бірінші кезекте қажетті тауарларды жеткізуге кірістік. Гуманитарлық көмек ретінде Ауғанстанға 5000 тонна ұн жіберілді.