Экономикалық өсім экологияға тікелей байланысты. Қазақстандағы экологиялық мәселелер мен оларды шешудің тиімді жолдары бағытында ауқымды зерттеу жүргізген мамандар осылай дейді.
Отандық ғалымдар мен экобелсенділер халықаралық сарапшыларды тарта отырып осы бағытта бірлесе жүргізген зерттеулерін көпшілікке жариялады. Табиғат сақшыларының қауіптің бетін қайырмасақ, кеш болатынын айтады. Ұжымдық монографияда еліміздің су ресурстарын басқару, ауаның ластануы, топырақтың тозуы, қалдықтарды өңдеу, баламалы қуат көздерін дамыту, климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілікті сақтау бойынша білікті мамандардың тың ойлары мен ұсыныстары қамтылған. Сала мамандары су көздерін, өсімдіктер мен жануарлар әлемін жалпы экожүйенің қауіпсіздігін қамтамасыз ету экономика мен әлеуметік жағдайды жақсартудың өзегі, түп негізгі кепілі болатынын алға тартады.
Құралай Кәрібаева, ҚР Экология және тұрақты даму институтының директоры, биология ғылымдарының кандидаты:
- Кітаптың өзі атында көрсетіп тұрғандай, ертең кеш болады. Біз бұл мәселені нақты жүйелі түрде шешуіміз керек. Ең бастысы не себепті Қазақстанға баса назар аударылып отыр? Қазақстан осы мәселелердің кіндігі секілді. Себебі өсімдік дүниесін алайық, ата тегі – Қазақстан. Жануарлар дүниесін алайық, қандай біздің асылтұқымды малдарымыз бар. Еліктерді алайық, оның да ата тегі Қазақстанда. Ең ақыр аяғы балықтарды алайық, бекіре қайда? Бізде. Сол үшін бүкіл дүниежүзі Қазақстанға назарын аударып отыр. Егер Қазақстан нақты осы істерді шешетін болса, жанындағы Орталық Азия елдері де, Қытай, Ресей бар. Олардың да мойындауына тура келеді. Біздегі қауіп олардың экономикасын, әлеуметтік мәселесін төмендетеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов