Геосаяси шиеленіс, азық-түлік тапшылығы және жаһандық инфляция. Бұл – Швейцарияның Давос қаласында өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда талқыланған негізгі тақырыптар. Әлемдік экономикалық институттар жағдайды тұрақтандырудың түрлі жолдарын ұсынып отыр. Ең бастысы - салаларды әртараптандыру мен өзара сауданы күшейту. Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға бейне үндеу жолдады. Мемлекет басшысы республиканың инвестициялық бағдарламасын таныстырып, қазақстандық дамудың жаңа кезеңі туралы баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Биліктің барлық тармағын реформалау арқылы суперпрезиденттік жүйеден нормативтік президенттік басқаруға өтуге ниеттіміз. Парламенттің ролі күшейтіліп, жаңа саяси партиялар үшін кедергі азаяды. Билікті орталықсыздандыру жолында сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстыққа жол берілмейді. Елдің келешегі үшін байлық пен биліктің бір қолда шоғырлануын тоқтатуға тиіспіз. Бұл өзгерістер Қазақстан конституциясына енгізілетін 33 түзету қарастырылған.
Мұндай жоғары кепілдіктер Қазақстан экономикасына қаржы құюдың маңыздылығын көрсетеді. Еліміз әлеуетті инвесторларды Астана халықаралық қаржы орталығында жасалған барлық мүмкіндіктерді пайдалануға шақырып отыр. Мұнда инвестициялар халықаралық деңгейде қорғалады.
Қайрат Келімбетов, АХҚО Басқарушысы:
– Мемлекет басшысы берген кепілдіктер, жарияланған экономикалық реформалар, Жаңа Қазақстан құру бойынша жаңа экономикалық саясатының реформаларына инвесторлар үлкен қызуғышылық танытып, бұл іске қатысқысы келеді.
Саяси реформалар да жаңа белеске көтерілуді мақсат еткен Қазақстан экономикасын дамытуға негіз болмақ. Шикізат өндіру ғана емес, елімізге де, жобаға инвестиция салған инвесторлар үшін де пайда әкелетін тауар өндірісін дамыту қажет.
Ричард Гриффитс, Катар мемлекетінің кеңесшісі:
– Менің ойымша, Қазақстан өзін-өзі ілгерілету бойынша фантастикалық жұмыс атқарды, әрине, алда әлі де мақсат көп. Латын Америкасының, Африканың, Еуропаның басқа елдеріндегі сияқты, Қазақстан да әлем нарығы инвестиция құятын елге айналуы мүмкін. Ол – хаб. Орталықта орналасқан, географиясы керемет. Осылай жалғастыра берсеңіздер, елдеріңізге инвестиция молынан келеді.
Анастасиос Эконому, YPO Халықаралық қауымдастық Басқармасының Басшысы:
– Бұл өте маңызды деп ойлаймын. Инвестиция тартқыңыз келсе, қорғалатын және жақсы реттелетін ортаны қамтамасыз ету керек. Қазақстанға қарасақ, ол криптовалюталардың әлемдік картасында жақсы жетістіктерге жетті. Инвесторларға әсер ететін реформаларға шын жүректен қуанып отырмын.
Былтыр елімізге тартылған тікелей шетел инвестициялардың көлемі пандемияға дейінгі көрсеткіштерден асып түсті. Қазақстан экономикасына 24 млрд доллардай қаражат құйылды. Бірақ 2022 жылғы дағдарыс пандемиядан да қауіпті. Дегенмен ол дамудың жаңа кезеңін ашып отыр. Осы орайда Қазақстанның халықаралық капитал тартатын өңірлік хабқа айналуға мол мүмкіндігі бар.