Көліксіз бір күн. Бүгін экологияға жанашыр қазақстандықтар темір тұлпарын
үйде қалдырып, діттеген жеріне жаяу, велосипедпен не қоғамдық көлік түрімен
жетті. «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен шара - Мәдениет және ақпарат
министрлігінің бастамасы. Мақсат - барша қазақстандықтарды қоршаған ортаға
қамқор болып, жауапкершілікпен қарауды насихаттау. Ұйымдастырушылар акцияға
қатысуға ниеттілерді әлеуметтік желілерге видео жүктеп, тиісті хеш-тег
қалдыруға шақырды. Осы шарттарды мүлтіксіз орындаған және алғашқы болып видео
жүктеген 10 қатысушыны атаулы сыйлықтар күтіп тұр.
Галимова Айдана, «Birgemiz:
Taza Alem» жалпыұлттық жобасының жобалық менеджері:
- Бұл
акцияға 3 жылдан бері 1000-нан астам азамат қатысып үлгерді. Биыл акцияға корпоративтік
және бизнес сектор, мемлекеттік ұйымдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен
эковолонтерлер белсенді түрде қолдау көрсетуде. Жалпы, біз жыл сайын қоршаған
ортаны қорғауды жақсартуға бағытталған іс-шаралар өткіземіз. Осы уақытқа дейін
200-ден астам іс-шара өткіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі
эковолонтерлердің идеяларын жүзеге асыруда 90-нан астам бастамасын, сонымен
қатар, «Таза Қазақстан» республикалық акциясын қолдадық. 00:02:46:02
Ұлттық статистика бюросының
дерегіне сүйенсек, 2024 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген
автокөлік саны 5 млннан асқан. Оның екі пайызы ғана автобустарға тиесілі.
Қоғамдық көліктерді кейінгі кездері электросамокаттар мен велосипедтер
алмастырды. Экологияға жанашыр тұрғындар қатары жылдан-жылға артып келеді.
Айта кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының
дерегі бойынша әлемде әр 10 адамның тоғызы зиянды ауамен тыныстайды. Қазіргі
таңда ауаны ластау көрсеткіші бойынша автокөліктер өндіріс ошақтарынан кейінгі
екінші орында тұр. Ғалымдардың есебі бойынша бір ғана жеңіл машина жыл сайын
атмосфераға 600-800 кг көміртек оксидін, 200 кг-ға жуық жанып үлгермеген
көмірсулар және 40 кг-ға жуық азот оксидін шығарады.