Қарағанды фармацевтика кешені Қазақстан аумағында коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын тіркеу рәсімін аяқтады.
Кәсіпорын баспасөз қызметінің хабарлауынша, 13 ақпанда Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі сараптама ұйымының вакцинаның қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі туралы қорытындысы алынды.
Айта кетейік, Қазақстан – «Спутник V» вакцинасын мақұлдаған 27-ші мемлекет. Сонымен қатар Қарағанды фармацевтика кешені – ресейлік субстанциядан дайын вакцина шығаруға арналған әзірге жалғыз фармацевтика кәсіпорны.
Мамандар жүргізген техникалық аудит қортындысы бойынша, өндіріс орны коронавирустық вакцинаның дайын формасын шығаруға қойылатын барлық талаптарға сәйкестігін растады. Алдын ала есептеулер бойынша, ақпан айының соңында Қазақстанның барлық өңіріне Қарағанды фармацевтика кешені өндірген «Спутник V» вакцинасының 90 мыңға жуық дозасы жеткізілмек.