Оқушылар жазғы демалысқа 1 маусымда шығуы мүмкін

Елдің оқу-ағарту министрлігі мектептерде оқу жылын ұзартуды жоспарлап отыр. Бұл өзгеріс жазғы демалысқа әсерін тигізбейді дейді сала мамандары.  Себебі, тек төртінші тоқсан қосымша 5 күнмен толықпақ. Яғни, бұдан былай білім ошақтары оқу жылын 31-мамырда аяқтайды. Демек, оқушылардың демалысы әдеттегідей жаз бойына жалғасады. Шәкірттер каникулға 1-маусымнан шығып, бұрынғыдай 1- қыркүйекте білім нәрімен сусындауға қайта кіріседі.

Жеңіс Ермуқанов, тілші:

- Еске салайық, бұған дейін саланың белсенді мамандары оқу жылын 20 тамыздан маусымның соңына дейін созуды ұсынған болатын. Сарапшылардың есебінше, қазақстандық оқушылар жылына 130 күн демалады екен. Бұл әлем бойынша ең ұзақ мерзім. Өзге елдерде каникул уақыты 100 күннен аспайды. 

Оқу мерзімін ұзарту білім сапасын арттырудың қамы. Жаңа күндер қосылса оқу аптасының жүктемесі азаяды. Оқушыларға қызықтырған бағытта білімін тереңдетуге, мұғалімге біліктілігін артыру мүмкіндігі тумақ. Мамандардың көздегені де осы.

Шолпан Қарынова, ҚР оқу ағарту вице-министрі:

- Бізде әр пәнде қайсысын алсақта қиын тақырыптар,  қиын сұрақтар бар. Осы қиын сабақтарға тиісті сағаттарды бөліп, оны тағы қосымша қайталап, тағы бір бекітіп әрі қарай түсінікті болу үшін балаларға жағдай жасалады. Сондықтан бұның сапаға да үлкен әсерін тигізетінін атап өтуіміз керек.

Негізі мектеп ұжымы мен оқушыларға бұл тәжірибе таңсық емес. Пандемия жылдары игерілмеген бағдарламаның орнын толтыру үшін білім ұяларының жанынан жазғы мектептер ұйымдастырылды. Шәкірттер оқу жылынан кейін  екі жарым апта бойы тағы қосымша сабақ оқыған еді. 

Сырым Нұғыманов, Нұр-Сұлтан қаласының  №2 мектеп гимназиясының директоры:

- Жалпы сррез алу кезеңінде оқушылардың әлі өткен оқу жылындағы игерген бағдарламаларды ұмытпағанын, есте сақтағанын анық көрініс ретінде көрдік. Сол себептен ойлаймыз мына оқу жылының, оқу күнінің ұзарғаны оқушыға да, мұғалімге де еш қиындық әкелмейді. Оқушыға бұл психологиялық, физиологиялық тұрғыдан болсын ешқандай қиындық тудыртпайды деген ойдамыз. Себебі, біз бұны екі жыл бойы практикадан өткіздік.     

Қазір бұл ұсыныс қоғаммен қызу талқыланып жатыр. Әзірге шағым түскен жоқ дейді, министрлік өкілдері. Құжат келер айдың басынан заңды күшіне енуі мүмкін.