«ӨКМ Операторы» ұйымы бұдан былай утилизациялық алым алмайды. Тиісті қаулы Үкіметте қабылданды. Компанияның активтері мемлекет меншігіне берілді.
Айта кетейік, бес жыл ішінде утилизациялық алым төлеудің жалпы сомасы 614 млрд теңгеден асты.
«Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелерін әкімшілендіру функцияларын мемлекеттік ұйым «Жасыл даму» АҚ орындайтын болды», – делінген Үкіметтің баспасөз хабарламасында.
Қазақстандықтар бұрыннан бері елде тіркелген автокөліктерден утилизациялық алым алынатынына қарсы болып, тіпті 200 мыңға жуық адам тиісті петицияға қол қойған еді. Сарапшылардың айтуынша, алымның мөлшері 100 мың теңгеден аспауы керек. Алайда олар тарифтерді қайта қарау кезінде де елде автокөлік бағасының арзандауы екіталай екенін болжап отыр.
Эдуард Эдоков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
- Өкінішке қарай ағымдағы трендтерге сәйкес, автокөлік бағасы жылына 15-тен 30% дейін өседі. Бұл әлемдегі жалпы экономикалық жағдайға, металл бағасының өсуіне, сондай-ақ электроника мен компоненттердің жетіспеушілігіне байланысты. Бірақ утилизациялық алымның түсуі автокөлік бағасының бұрынғыдай өсуіне мүмкіндік бермейді.
Арсен Шакуов, «Ортақ жол» жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының президенті:
- Утилизациялық алымды алып тастаумен ескі үлгідегі автокөліктерді алып келу мәселесі шешілмейді. Яғни азаматтарымыз жаңа автокөлік сатып алуы үшін оларға сапалы, жеңілдетілген бағдарламалар жасау керек. Халық қазір белгілі шектеуден шыға алмай санаты төмен, бағасы қымбат автокөліктерді шетелден сатып алуды артық көріп отыр. Біздің мақсатымыз – көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, мүгедектерге жеңілдетілген бағдарламалар жасау.