Қазақстандық
студенттерге енді әлемдік киноиндустриядағы кәсіпқойлардан тәлім алып, қос
дипломға ие болу мүмкіндігі пайда болды. Нью-Йорк кино өнері академиясы мен
Алматы менеджмент университеті білім беру бағдарламалары саласындағы
ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. «Дара» президенттік бастамалар
қорының қолдауымен қол қойылған құжат Қазақстан мен АҚШ жоғары оқу орындары
арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа бастауы болмақ. Шығармашылық кәсіптер үшін
білікті кадрларды дайындау және жасампаз индустрияны дамытудағы күш-жігерді
біріктіру келісімнің маңызды бөлігі болып келеді. Құжатқа қол қою рәсімі
Нью-Йорк киноакадемиясының қабырғасында өтті.
Майкл Дж, Янг, Нью-Йорк Кино өнері академиясының президенті:
-Ең тиімдісі, бір
оқпен екі қоянды ату, қос дипломға ие болу мүмкіндігі. Студенттер екі жыл Алматыда, содан кейін тағы
екі жыл біздің академияда оқып, соңында кино және медиа бакалавры дәрежесін
алады. Сонымен қатар студенттермен, бағдарламалармен және өзара білім,
тәжірибемен алмасады. Бұл да ынтымақтастықтың маңызды, әрі ұтымды тұсы десе
болады. Біздің бағдарламаларда студенттерге апта сайын жаңа тапсырмалар ұсынып
отыру көзделген. Күрделілігі де бірте-бірте артады. Ешқандай тәжірибесіз келген
олар кейін мықты кәсіби маман атанады. Ал оларға біздің кино саласының үздік
шеберлері сабақ береді.