Нұр-Сұлтанда қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр?

Astana Invest елордада 87 инвестициялық жобаны  қолға алды. Оларды жүзеге асыру мақсатында 888 млрд теңге тартылған. Бұл қаржының көп бөлігі Нұр-Сұлтан қаласындағы биыл қолданысқа тапсыру көзделген ірі жобалардың бірі Әбу-Даби Плаза кешенін салуға бағытталған. Ғимараттың шатырында Орталық Азия аймағында ең биік болатын 300 метрлік байқау алаңын жасау жоспарланған. Жалпы алып кешеннің құрылысына 590 млрд теңге қарастырылған. Биыл жалпы есепте 8 жобаны іске қосу межеленіп отыр. Бұл электр автобустар, орта білім беру нысандары мен нан-тоқаш пісіретін зауыт.

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқармасының төрағасы:

- Біздің қала жас болғанымен жылдан жылға дамып жатыр. Оны Әбу-Даби қаласының құрылыс қарқынымен салыстыруға болады. Халық саны күрт өсіп жатқан қалалардың үздік легіне жатады деуге болады. Сондықтан бірінші кезекте қайда инвестиция құю керек деген сұрақтар туындамайды. Әрине ол тұрғын үй мен жалпы құрылыс саласы. Ендгі кезекте инвесторлардың қызығушылығын тудыратын бағыттардың қатарында көлік пен логистика бар. Бұл орайда бірқатар жоба іске асырылуда. 

Білім беру саласына да қыруар қаржы құйылып жатыр. Бүгінде бұл бағытта жалпы құны 100 млрд теңгені құраған 44 жоба қолданысқа берілді. Бұл бекер емес. Себебі келер жылы оқушылар саны 25% артады деген болжам бар. Сондықтан мектептерде 38 мың және балабақшаларда 5,5 мыңға тарта  жаңа орын құру жоспарланған. Осы орайда Сингапур, Малайзия, Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейндік инвесторлар бірқатар жобаларды іске асыруға кірісіп кетті.

Ержан Балтаев, «Astana Invest» басқармасының төрағасы:

- Білім беру бағыты бойынша салаларға жіктелген заңдық бастамалар бар. Ол адам басына шаққандағы қаржыландыру. Бұл негізінде Білім министірлігінің ұсынысын қолдаған ел Үкіметінің шешімі. Ол бизнесмендерді білім саласына назар аударуға түрткі болды. Тек әлеуметтік қана емес бизнес жоба ретінде де қарауға ынталандырады. Сондықтан бүгінде жобалардың 35 білім саласына бағытталған.

Еліміздің бас шаһары инвесторлар үшін аса тартымды қалалардың бірі. Тек былтырдың өзінде елордаға 1 триллион теңгеден артық қаржы салынды. Барлық инвестицияның 81%  шағын және орта бизнестің үлесінде. Мамандар әліде әлеуеттің жеткілікті екенін айтады. Жыл сайын инвестиция көлемі ғана емес жобалардың ауқымы мен тақырыптық аясы кеңейіп келеді.

Авторы: Жеңіс Ермұқанов