Өзбекстанның әйгілі суретшілерінің соңғы 2 ғасыр бойы салған картиналары, бір шаршы метрі бір жарым мың түйінмен тоқылған түркмен кілемдері мен заманауи дизайнерлердің үздік туындылары. Мұның барлығы елордада ашылған «Шығыс дәуірі» атты көрмеге қойылды. Шара ұйымдастырушысы Лейла Махаттың айтуынша, мұндай коллаборацияның Қазақстанда өткізілуі тегіннен емес. Себебі Қазақстан шығыс пен батысты байланыстырушы механизм. Ал бұл бірегей көрме Орталық Азияның кешегісі мен бүгінен сыр шертеді.
Лейла Махат, көрме кураторы:
– Бұл сондай керемет коллоборация. Шығыс мәдениетінің қандай ерекше екенін бәріміз білеміз. Ал мұндай жобаның Қазақстанда болуы ең дұрыс шешім. Өйткені біз шығыстан батысқа дейінгі барлық жолдарды байланыстырушымыз. Айтыңызшы енді, бұл көрме Қазақстанда болмағанда, басқа қайда болады?! Бұл жоба арқылы біз өзбек кескіндеме мектебінің дамуын, негізінен Шығыс, Орталық Азия кескіндемесінің дамуын көрсеткіміз келді. Жас дизайнерлердің жетістіктерін көрсеткіміз келді, сондай-ақ түрікмен кілемдерінің қалай дәстүр мен мәдениетті дәріптейтінін көрсеткіміз келді.