Франциядағы дүниежүзілік гимназиядада қазақстандық оқушылар 72 медаль жеңіп алды. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, алтын және күміс марапат 28-ден және қола медальді 16-сы иеленді. Оқушылар таэквондо, жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо, еркін күрес, семсерлесу, көркем және спорттық гимнастика, садақ ату, бокс және әйелдер күресі бойынша өткен жарыстарға қатысқан. Еске сала кетейік, мектепшілік олимпиада ойындары Францияның Нормандия өлкесінде 14-22 мамыр аралығында өтті. Ірі көпсалалы іс-шара жалпы білім беру ұйымдарының 16-18 жас аралығындағы оқушыларына арналған. Қазақстан құрамасы аталған жарысқа алғаш рет қатысып отыр.
Ерболат Сыздық, Гимназиада жеңімпазы:
– Құдай қаласа, Олимпиада мен әлем чемпионаттарында топ жарып, еліміздің туын биікке көтеремін. Шетелге шығу, жарыстарға қатысу, жаңа адамдармен танысу балалар үшін үлкен тәжірибе.
Сағдат Садықов, ҚР БҒМ Ұлттық дене тәрбиесі орталығының Бас директоры:
– Биылғы жыл – балалар жылы деп жарияланды. Осы орайда үлкен іс-шара жасалып отыр. Қазақстандық команда мұнда өз өнерлерін көрсету үшін келді және жеңіске жетіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Біз еліміздің туын биікке көтеру үшін үздік үш құраманың қатарынан көрінуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Бұл балалардың арасында болашақ Олимпиада чемпиондары бар екеніне сенімдіміз.
Қазақстан осы мектепішілік Олимпиада ойындарында, делегатымыз Нұржан Нұрахметовтің Халықаралық мектеп спорты федерациясының атқарушы комитетіне алғаш рет кіруімен де ерекшеленді. Бұл еліміз жас ұрпақтың денсаулығы үшін жаһандық қозғалыстың ең белсенді қатысушысына айналғанын білдіреді.