Тестілеуге қатысуға 125 мыңға жуық талапкер өтініш берді. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады. Емтиханға жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер, шығармашылық дайындықты талап ететін топтардан басқа білім беру бағдарламалары тобына ауысуға ниет білдірген студенттер жіберіледі. Сондай-ақ, бұл ақылы негізде «Педагогикалық ғылымдар» білім саласына ауысуға ниет білдірушілер мен ақылы форматта оқуға қабылданғысы келген талапкерлерге де қатысты. Тіркелу кезінде тест тапсырушылар емтихан орнын, күнін және уақытын өздері таңдайды. Ал, тестілеу форматы өзгеріссіз қалды. Барлығы – 120 сұрақ. Ең жоғары балл – 140. Сынақ тапсыруға 4 сағат уақыт беріледі.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минуттық уақыт сақталады. Талапкерлердің сынақта калькулятор, Менделеев кестесін қолдануы заңды саналады.