Қазақстанның кедендік қызмет жүйесінде автоматтандырылған мониторинг жүргізетін бас диспетчерлік басқарма құрылады. Жүйе жасанды интеллект элементтерінің негізінде жасалмақ. Бақылау рәсімдері толықтай қашықтан қабылданатын болады. Қазір бұл мақсатта 9 автомобиль және 1 теміржол бекетінің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Яғни көлікті сканерлеу және өлшейтін заманауи техникамен жабдықталады. Жобаны 2024 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде өткізу қабілеті 7 есеге дейін ұлғайып, өту уақыты 2,5 есеге дейін қысқарады.
Айта кетейік, биыл тауарларға арналған декларацияларды шығару және бақылау бөлігінде кедендік функцияларды орталықтандыру толығымен іске қосылды. Электрондық және ахуалдық орталықтар құрылды. Олардың жұмысы басталғалы 28 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, бюджетке қосымша 23 млрд теңге өндірілген. Жалпы кедендік қадағалау жүйесін жетілдірудің арқасында құн салығының түсімдерді 1,5 есеге ұлғайып, көлеңкелі экономика үлесін төмендетуге мүмкіндік туды.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
- Кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға қатысты айтатын болсақ, ең алдымен «Астана-1» және «Е-терезе» ақпараттық жүйелерін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі күні кедендік декларациялар 100% қашықтан тапсырылады. 4 млн-нан астам кедендік декларация шығарылды. Оның 82% бір минут ішінде автоматты түрде өткізілген. Құжаттарды беру уақыты 2 есе қысқартылды. Енді кедендік тазарту кезінде оларды қашықтан алуға болады. Бүнінгі таңда 5 мыңға тарта пайдаланушы тіркеліп, мемлекеттік органдармен 15 интеграция жүзеге асырылды.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов