Бұл мәселелер Монголиядағы қазақтардың IV
кіші Құрылтайында көтерілді. Ұлан-Батыр, Хобда мен Баян-Өлгей аймақтарын
қамтыған шара 5 күнге созылды. Қандастардың
дәстүрлі жиынына «Отандастар қорының» президенті Абзал
Сапарбекұлы бастаған қазақстандық делегаттар құрамында Парламент депутаттары,
дипломатия ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты. Тараптар
алдымен Қазақстан мен Моңғолия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнауының 30 жылдығы аясында елдердің алдағы даму
әлеуетін талқылады.
Абзал Сапарбекұлы, «Отандастар қоры» президенті:
Бұл сапардың мақсаты – Монғолияда тұратын, оның ішінде Баян-Өлгейдегі қазақ қандастарымызбен қауышу, қандастармен отырып ортадағы келелі мәселелерді талқылау, бір-біріміздің түрлі салада оның ішінде мәдени-гумманитарлық байланыстарымызды дамыту жолдарын талқылау. Бұл жердегі халықтың, зиялылардың ата жұрт - Қазақстанға ұсыныстары мен пікірлерін жинақтау, жеткізу. Сондай-ақ, біз тұрғыдан осы жерде тұрып жатқан халықтың көңіл-күйін, өзінің рухани болмысын сақтап отыр ма, жастардың белсенділігі қалай, ұйымдардың белсенділігі, зиялылар не дейді? Соны тыңдап қайту.
Құрылтайдың мәдени бағдарламасы да жан-жақты. Атап айтсақ, Монғолиядағы қазақ қаламгерлерінің кітаптары жарық көріп, осы елге еңбегі сіңген бірқатар қандасымыздың құрметіне ескерткіштер ашылды, көше атаулары берілді. Қазақ мәдениеті мен тілі және қолөнерінің дамуына ерекше үлес қосқан белсенділер, зиялы қауым және өнер қайраткерлерінің еңбегі арнайы медаль және төсбелгі, алғысхаттармен еленді.
Тойдың көрігін қазақтың ұлттық ойындары мен ән-күйі қыздыра түсті. Жергілікті тұрғындар Қарағандының «Тәттімбет» атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің өнеріне қанықты.