15 мемлекет өнерпаздарының қатысуымен 20-ға жуық концерт. ТҮРКСОЙ елдерінің биылғы Наурыз мерекесіне арналған ауқымды бағдарламасы осындай. Түркітілдес мемлекеттердің әртістері Анадолы елінің 10 шақты қаласында өнер көрсетті. Тарихы тереңнен тамыр тартқан Наурыз мейрамы адамзаттың материалдық емес мұраларына жатқызылған. «Түркі мемлекеттерінің халқы мыңдаған жыл бойы атап өтетін бұл мейрам – достықтың нышаны», – деп мәлім етті Анкарада ТҮРКСОЙ өкілдерімен кездесуде Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы Мұстафа Шентоп.
Мұстафа Шентоп, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің төрағасы:
- Халықаралық ұйымның бастамасымен Наурыз мерекесі 2009 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Ал 2010 жылы БҰҰ Наурызды халықаралық мереке есебінде тойлау туралы шешім шығарды. Осы ретте ТҮРКСОЙ ұйымын аталған жетістіктерге жеткені үшін құттықтаймын! Біз қазір бір жұдырыққа жұмылатын кездің келгенін білеміз. Бұл істе Наурыз мерекесінің рөлі зор екенін атап өткім келеді. Себебі осы мереке қарсаңында біз бір-бірімізбен қайта жүздесеміз.
Авторы: Ақзер Сегізбай